Бүгін Мемлекет
басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Президент қазір дүние жүзінде жасанды
интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық
өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Бұл технология әлемдегі барлық елдің
дамуына тікелей әсер етуде. Сондықтан осы стратегиялық бағытта табанды жұмыс
істеуіміз керек. Атап айтқанда, алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық
мемлекетке айналуы керек. Ол үшін шетелдік тәжірибені зерделеп, кешенді жоспар
әзірлеу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің цифрлық саясатына арқау болатын
тоғыз басым бағытқа жеке-жеке тоқталды. Ол үшін экономиканың нақты секторына,
мемлекеттік басқаруға, денсаулық сақтауға жасанды интеллекті енгізу және
тұтастай алғанда цифрлық инфрақұрылымды дамыту қажет.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, ҚР Президенті:
- Үкімет
Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту және
еліміздің цифрлық трансформациясы туралы жүйелі құжат әзірлеуге тиіс. Бұл іске
халықаралық компаниялар мен беделді сарапшыларды тарту қажет. Құжат
прагматикалық тұрғыдан барынша жетік, айқын әрі алдағы жұмысымыздың
бағыт-бағдары ретінде қызмет етуге тиіс. Онда жасанды интеллектіні дамыту және
қолданудың барлық аспектісіне қатысты кешенді шаралар қамтылуы қажет.

