Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Президенті келіссөз жүргізді. Ицхак Герцог Қазақстанға ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев 1992 жылдан бері екі ел ортасында тығыз достық байланыс орнағанын атап өтті. Өзара ынтымақтастықта, әсіресе, экономика, инвестиция және саяси бағыттарда елеулі табысқа қол жеткізілді. Өз кезегінде Израиль Президенті 1993 жылы Қазақстанға сапар жасаған әкесі Хаим Герцогтың ізін жалғап Ақордаға келгені үшін қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар ол жоғары технологиялар саласындағы екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беретін әлеует мол екенінне тоқталды. Сондай-ақ Президенттер Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу шешіміне қатысты сөз қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл қадам Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне Қазақстанның да үлес қосуға дайын екенін көрсетеді, сондай-ақ өңірлік тұрақтылыққа, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға берік негіз қалайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан бұған дейін қабылдаған шешімін ұстанады. Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімін таяу келешекте Астанада ұйымдастыруға болады деп есептейміз. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін.
Израиль Президенті Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу және Бейбітшілік кеңесінің жұмысына атсалысу туралы шешімін қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ Ицхак Герцог Қазақстан мен Израиль арасындағы әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Ицхак Герцог, Израиль Президенті:
– Екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен тауар айналымын арттыруға, тіпті оның көрсеткіштерін еселеуге мүмкіндік мол екеніне назар аударғым келеді. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдай аламыз. Атап айтқанда, біз тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделіміз. Ол іскерлік және сауда қатынастарына оң ықпал етеді. Қазіргі кезде бірқатар келісім, соның ішінде қосарланған салықты алып тастау туралы уағдаластық пысықталып жатыр.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға және серіктестікті жаңа әрі сапалы кезеңге шығаруға келісті.

