Қазақстанда көктемгі егіс науқанына қосымша 400 млрд теңгеге жуық қаражат тартылады. Елдің ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлағандай, аграрилер несиелерінің пайыздық мөлшерлемелері субсидияланады. Бұл үшін үкіметтің резервінен 60 млрд теңге қарастырылмақ. Ол қаржы агроөндірістік бағытта тауар өндіруге қатысты берілген несиелерді арзандатуға және кепілдендіруге бағытталады. Нәтижесінде, шаруалар рәсімдеген барлық несиенің жылдық мөлшерлемесі 5% құрайды. Кепілдік болмаған жағдайда, жалпы сомманың 85%-ын мемлекет тарапынан қамтамасыз етуге мүмкіндік пайда болады. Жалпы, жеңілдетілген несиеге биыл Қазақстанда 180 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ егіс науқанын қосымша қаржыландыру аясында 200 мың тонна дақылға тауарлық несие бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Салалық министрлік көктемгі дала жұмыстарын уақытында жүргізу – қазіргі басты мақсат екенін айтады.
Айхан Сұлтан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент басшысының орынбасары:
– Қазақстан тарихында мұндай жағдай
тұңғыш болып жатыр. Бұл тетік алғаш рет жүзеге асырылады. Пайыздық мөлшерлеменің
орнын толтыруға арналған субсидия тікелей қаржы институттарына төленіп,
шаруалар таза 5% несие алады. Осылайша, қаржыландыруды біз 580 млрд теңгеге
дейін жеткіземіз. Бұл көктемгі егіс науқанын қаржыландыру. Субсидияландыруға
келер болсақ, тұқым минералды тыңайтқыштарды, өсімдікті қорғайтын құралдарды
алуға және қайта өңдеуге жіберу кезінде қаржы алуға бағытталады. Сонымен қатар,
біз су беру кезінде де қаржы бөлмекпіз. Мұның барлығы шаруалардың жұмысын
жеңілдету үшін жасалып отыр. Мемлекеттік қолдау бойынша жаңашылдықтарды айтар
болсақ, наурыз айының ортасынан бері минералдық тыңайтқыштар бойынша аванстық
қаржыландыру жүйесі іске қосылған. Бұл дегеніміз құнының 60%-ін біз өндіруші
зауытқа береміз.