Қазақстан «Қамбар ата» су электр станциясының құрылысы туралы келісім жасайды

Қазақстан «Қамбар ата» су электр станциясының құрылысы туралы келісім жасайды

Қазақстан ірі халықаралық жобаға атсалысады. Атап айтсақ, Қырғызстандағы Қамбар ата су электр станциясын бірге салмақ. Естеріңізге сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр мамыр айындағы Бішкекке сапары кезінде келісім жасалды. Ол кезде мемлекет басшысы айтқандай, су электр станциясының іске қосылуы Орта Азияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бүгінде Қазақстан трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бірлескен су энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән береді. Еліміздің энергетика министрлігінің мәліметінше, нысанды салу туралы келісімді Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үкіметтері жасайды. Жобаны жүзеге асыру үшін үлестік қатысу мүмкіндігі бар бөлек акционерлік қоғам құрылады. Құжатқа Бішкекте қол қойылады деп күтілуде.

 

Берден Оспан, ҚР Энергетика министрлігі департамент басқармасының басшысы:

–Жобаны қаржыландырудың негізгі көздері компания құрылтайшыларының жеке қаражаты. Сондай-ақ құрылтайшылар халықаралық қаржы институттарымен коммерциялық банктерді шақыруға құқылы. «Қамбар ата» гидро электр станциясын салу жобасы аясында биіктігі 256 метр болатын, бөгет қуаттылығы 1860 мгбт болатын гидро электр станциясын салу көзделген.

 

Айта кетейік, Нарын өзенінің жағасында орналасатын Қамбар ата су электр станциясының құрылысына 10 жыл кетеді. Бірінші су агрегатын 4 жылдан кейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Одан бөлек, жоба бойынша су қоймасын салуды қарастырады. Бір жылда станция сағатына 5 жарым млрд кВт электр энергиясын өндіреді деп көзделуде.