Қазақстанда KazLLM үлкен тілдік модель әзірленді

Қазақстанда KazLLM үлкен тілдік модель әзірленді

Астанада KazLLM үлкен тілдік моделінің алғашқы үлгісі әзірленді. Заманауи жүйе қазақ тілін ғана емес, орыс, ағылшын және түрік тілдерін де түсінеді. Бұл ғылыми жобаны Назарбаев университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты қолға алған. Отандық өнертабыс негізінде қазақстандық IT мамандар бірегей үлгідегі өнімдер мен қызметтер жасай алады. Бұл модель сұранысқа сай өзі оқып, жетіле алады. 

Мәдина Әбдірахманова, NU жанындағы ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының сыртқы байланыстар және өнім жөніндегі директорының орынбасары: 

- Жасанды интеллект саласындағы егемендікті айқындайтын отандық өнім. 150 млрд астам токен жинадық. Токен - деректер бірлігі. Оларды басқаша «сөздер» деп айта аламыз. 

Қазақстандық ғалымдар сапалы онлайн аудармашы әзірледі 

Сондай-ақ елімізде алғашқы отандық көп функциялы Soyle App қосымшасы әзірленді. Бұл жүйе – жергілікті және жаһандық нарықтардың қажеттіліктеріне бағдарланған іргелі сөйлеу моделі. Аталған өнім Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Заманауи онлайн-аудармашы пайдаланушылардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жасанды интеллектке негізделген электронды қосымша қолданушылардың сұранысына бейімделеді. 

Мәдина Әбдірахманова, NU жанындағы ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының сыртқы байланыстар және өнім жөніндегі директорының орынбасары: 

- «Soyle» қосымшасы қызметі қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аударумен шектелмейді. Бұл әзірлеме дыбысталған сөздерді мәтінге айналдырып, мәтінді өзге тілге аударады және мәтінді керісінше дауысқа түрлендіре алады. Сондай-ақ, бір тілден басқасына бірден ауыса алады. Қазір біз осының бәрін онлайн режимінде жасаудың барлық тиімді амалдарын қарастырып жатырмыз. Бүгінде адамдардың көбі GPT чатын пайдаланады. Оның тегін нұсқасын қолдану кезінде мәліметтер ашық болады. Деректер бәріне ортақ қолжетімді. Бұл үлкен мәселе. Біз бұның шешімін таптық. Ол үшін әрбір ел өзінің тілдік моделін құру керек.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?