Астаналық Жоғары оқу орнында айти-дәрігерлер дайындалады.
IT University қабырғасында қазақстандық студенттер қос дипломдық бағдарлама
бойынша білім алады. Жаңа факультетті 2025-ші жылы Дебрецен университетімен
бірлесіп ашу жоспарланып отыр. Айта кетерлік жайт, дәл осы мамандыққа
Үндістаннан қазірдің өзінде сұраныс көптеп түсуде. Бұл мемлекеттен келесі оқу
жылында біздің елге мыңдаған студент қелуі мүмкін. Бұл туралы елордалық жоғары
оқу орнының алаңында екі бірдей ғылыми-инновациялық орталықтың ашылуы барысында
белгілі болды. Біріншісі жасанды интеллекттің негізінде ғылыми-өндірістік
жобаларды әзірлеуге бағдарланған. Негізінен көлік, қалалық инфрақұрылым, ауыл
шаруашылығы салаларында тың бастамалар қолға алынбақ. Ал, екінші орталықта телемедицинада
цифрлық технологиялар мен нейрондық желілерді қолдану негізінде озық шешімдер
әзірлеу жоспарланған. Бұнда жетілдірілген мобильді медициналық құрылғылар,
электрондық медициналық карталар, пациенттерді жедел және аса дәл
диагностикалауға арналған қолдау жүйелері құрылады. Жоғары оқу орнының студенттері орталықтардың тұсаукесерінде осы
бағыттардағы жобаларын ұсынды. Олардың дені бастамаларын дамыту және
коммерцияландыруға гранттар алып, нарыққа шығуда.
Андрей Белощицкий, Astana IT University Ғылым және инновациялар жөніндегі
проректоры:
- Студенттер жасанды интеллект, машиналық оқыту сияқты өз әзірлемелерін
ұсынды. Бұл нейрожелілер «Fablab» зертханасы аясында жасалды. Осы жерде
орнатылған стендтерде олар өз қолымен жасаған тың өнертабыстарының мән-маңызын
түсіндіреді. Көбіне бұның бәрі дайын шешімдер. Мәселен, қандай да бір
манипулятор - роботталған қол. Алайда құрылғыны бағдарламалаумен студенттердің
өздері айналысады. Бір грантқа жыл сайын 10-12 команда таласады. Қаржыландыру
үшін олардың ішінен үздіктерді таңдаймыз.
Томирис Жақсылық, Astana IT University Ғылыми қызметкері:
- Бұл бағдарламалық мақсатты қаржыландыру түрі. Дәл қазіргі уақытта сүт
безі обырын ерте анықтайтын құрылғы әзірлеп жатырмыз. Өйткені, бұл мәселе
қоғамда өте өзекті және науқастардың саны өсіп келеді. Сондықтан біз оның
шешімін табу үшін жасанды интеллект қолдануды жөн деп таптық. 2025 жылдан
бастап біздің қазақстандық ғылыми орталықтар, онкология орталықтары бізге
деректер береді, яғни олармен бірлесіп жұмыс істейміз.
Жеңіс Ермұқанов