Астанада ХТО 2025 Еуразиялық төрелік аптасы өтуде

Астанада ХТО 2025 Еуразиялық төрелік аптасы өтуде

Қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастырудағы дауларды шешудің баламалы әдістерінің рөлі, сондай-ақ жасанды интеллекттің төрелік практикаға әсері. Осы және басқа да мәселелерді Астанадағы Еуразиялық төрелік аптасына қатысушылар қозғады. Ол әдеттегідей Астана харықалық қаржы орталығының Халықаралық төрелік орталығы қабырғасында басталды. Бірегей платформа 300-ден астам адамды бір алаңда біріктірді. Олар - әлемнің жетекші төрешілері және халықаралық құқық саласындағы сарапшылар, заңгерлер, АҚШ, Ұлыбритания, сондай-ақ Еуразия құрлығы елдерінің мемлекеттік құрылымдары мен академиялық қоғамдастығының өкілдері. Іс-шара америкалық сауда палатасымен және Түркі төрелік қауымдастығымен ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қою рәсімімен ашылды. 

Анна Гияр Сажко, Түркі төрелік қауымдастығының тең төрағасы: 

- Мені жасалған жұмыстар таңқалдырды. Бүгінде бұл орталық өзін өңірдегі ең мықты құрылымдардың бірі ретінде танытты. Инвесторлар үшін қаржы құю ғана емес, сонымен қатар өз салымдарын қорғау және дауларды шешу мүмкіндігі өте маңызды. Қиындыққа тап болған жағдайда Астана халықаралық қаржы орталығы олар үшін қолайлы алаңды ұсынады. Сондықтан біз бүгінгі талқылаудан кейін Францияда, Англияда, Қазақстанда да бірлескен іс-шаралар өткізуге бағытталған келісімге қол қоюды жөн деп шештік. 

АХҚО мен ХҚО сотының құқықтық тәжірибесіне деген сенімді көрсеткіштер айғақтап отыр. 2018 жылдың басынан бері олар коммерциялық дауларды қоса алғанда, жүздеген млн доллардың 4 мыңға жуық ісін қарады. Ондағы жүйе инвесторларға құқықтық қорғауды ұсына отырып, халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейді. Бүгінде институттармен 39 юрисдикцияның заңгерлері ынтымақтасады, ал кеңселері тек Қазақстанда ғана емес, Еуразия, Қытай және Түркия елдерінде де жұмыс істейді. 

Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО сотының және халықаралық төрелік орталықтың тіркеушісі және аппарат басшысы: 

- Көптеген, әсіресе шетелдік инвесторлар Сот пен Төрелік орталығының болуы, олардың осында инвестиция құю шешімінде маңызды рөл атқарғанын айтады. Кез келген бизнесте қиындықтар туындайды. Инвесторлар мұндай жағдайда дауларды шешумен айналысатын институттарға толық сенім артуға болатынын білгісі келеді. Ал бізде, яғни, Қазақстанда, жергілікті жерде жұмыс істейтін халықаралық сарапшылар арқылы ең жоғары деңгейдегі сапаға қол жеткізе алады. 

Айта кетейік, осылайша, сарапшылар халықаралық бизнеске іскерлік инфрақұрылымды ғана емес, құқықтық қорғаудың тиімді тетіктерін ұсына отырып, Астана Еуразияның құқықтық хабы ретінде өз ұстанымын нығайтып келе жатыр. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?