Қазақстан агро өнімдерін өткізудің сыртқы нарығын кеңейтуде. Елдің ауыл шаруашылығы министрі Мәжілістегі Үкімет сағатында осы бағыттағы әлеуетпен таныстырды. Мәселен, Тәжікстан, Бахрейн, Катар, Кувейт пен Оман елдеріне мал өнімдері жеңілдетілген тәртіппен экспорттала бастады. Сондай-ақ ЕАЭО, ТМД, Еуропалық одақ, БАӘ және Жапония, Корея мен Қытайға мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттаудың жаңа ветеринарлық талаптары келісілді. Ал аспанасты елімен тері мен қосалқы өнімдерді жеткізуге қатысты келіссөздер жүргізілуде. Еске салайық, Азияның алпауыт мемлекеті биыл құс еті мен тұяқты жануарлардың өнімдерін әкелуге енгізген шектеулерді алып тастағаны белгілі. Бүгінде отандық шаруалар алып нарықты бағындырудың ұтымды жолдарын жан-жақты пысықтап жатыр. Бұл ретте өңделген өнім түрлеріне басымдық берілмек. Былтыр жалпы құны 5,4 млрд доллардың агроөндірістік кешенінің тауарлары экспортталған. Оның жартысына жуығы қайта өңделген өнімдердің еншісінде. Бұл ретте 8%-тен астамы мал шаруашылығына тиесілі.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ауыл шаруашылығы
өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың
кешенді жоспары шеңберінде 5 жыл ішінде 372 млрд теңгеден астам, оның ішінде
инвестициялық мақсаттарға 150 млрд теңге және айналым мақсаттарына 222 млрд
теңге бағыттау жоспарлануда. Жоспарды іске асыру тамақ және өңдеу өнеркәсібінің
дамуына жақсы серпін береді, өңделген өнімдердің жалпы өндірісін 1,4 есеге
ұлғайтуға және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өңдеу үлесін арттыруға
мүмкіндік береді.