Қазақстанда энергетика саласына 2024 жылы 327 млрд теңге инвестиция тарту

Қазақстанда энергетика саласына 2024 жылы 327 млрд теңге инвестиция тарту

Жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек. Олжас Бектенов Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындыққа қатысты осындай тапсырма берді. Премьер-Министр елдің бар жылу көздерін отынмен уақытылы қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Бұл шаруаға Өнеркәсіп және энергетика министрліктері жауапты. Үкімет басшысы саланың дамуына капитал тарту жағын да назардан тыс қалдырмауды тілге тиек етті. Осылайша, биыл жылу нысандарын жөндеу және жаңғырту қамында 327 млрд теңге инвестиция салу көзделіп отыр. Жалпы Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде ең алдымен 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. Министрлер кабинетінің басшысы, сондай-ақ кадр тапшылығын шешуге ден қоюды жүктеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Еңбек, Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері осы саладағы еңбек нарығының ағымдағы жағдайына толық талдау жүргізіп, қажет болса тиісті мамандықтарға гранттардың санын көбейту керек. Оқу орындары жоғары білікті инженерлерді, энергетиктерді, гидротехниктерді, энергоаудиторларды, электриктерді және басқа да мамандарды даярлап шығаруға тиіс. Сондай-ақ, аға буын кадрлардың білімі мен тәлім-тәжірибесін жастарға беру мәселесін қамтамасыз ету керек.

Қазақстанда биыл жалпы егіс алаңы 23,8 млн га құрайды

Көктемгі егіс науқаны да үкімет назарынан тыс қалмайды. Осы мақсатта салаға 140 млрд теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, жаппай егіс науқаны мамыр айының екінші жартысында басталады. Болжамға сай, биылғы егістік алқап көлемі 24 млн гектар шамасында болады.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-  Бидайдың егістік алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 426 мың га қысқарып, 13,3 млн га құрады. Сонымен қатар майлы дақылдар алаңын 373 мың га және азықтық дақылдарды 66 мың га ұлғайту жоспарлануда. Тапсырма шеңберінде, суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, мақта алаңдарын 16 мың га, күрішті 12 мың га қысқарту болжануда. Бүгінгі таңда еліміздің кейбір өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізілуде, 1,5 млн. га егілді.