Қазақстанның су ресурстары министрлігі мен Азия
даму банкі өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Құжат
салаға инвестиция тарту бағытындағы екіжақты әріптестікті одан әрі кеңейтуді
көздейді. Яғни, оның аясында инфрақұрылымды
жаңғыртуға қатысты басым жобалар тізімі жасақталмақ. Сондай-ақ, бейінді ведомство мен халықаралық қаржы ұйымы
кадрларды оқыту, тәжірибе алмасу және техникалық көмек көрсету бойынша
өзара ықпалдасады. Тараптар жаңа бастамалардың орындалуын үйлестіретін
орталықтар құру жөнінде уағдаласты. Бұдан бөлек, кездесуде Қазақстанның қаржы
институтының «Мұздықтардан фермаларға» бағдарламасына қатысу мәселесі
талқыланды. Ол климаттың өзгеруіне байланысты бірлескен шаралар кешені мен ирригация
жүйелерін жаңғыртуды көздейді. Мамандар бұл құжат саланы дамытып, халықаралық
серіктестікті нығайтуға тың серпін беретінін айтады.
Нұржан
Нұржігітов, ҚР
Су
ресурстары және ирригация министрі:
- Су ресурстарын басқару жүйесін 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын
қабылдадық. Құжатта біз осы аралықта қол жеткізуге тиіс негізгі көрсеткіштерді
айқындадық. Су саласын дамытудың 2028-ші жылға дейінгі кешенді бағдарламасы
қабылданды. Ол гидротехникалық құрылыстар мен ирригациялық желілерді жөндеу,
салуға және қалпына келтіруге қатысты барлық іс-шараларды қамтыды. Біздің Азия
даму банкімен ынтымақтастығымыз екі тарап үшін де өте жемісті және өзара тиімді
болады деп үміттенемін.

