Цифрлық индустрияның болашағы – VI халықаралық Digital Almaty форумының басты тақырыбы болады. Ол 1-3 желтоқсан
аралығында өтеді. Биыл жиын бағдарламасында көп шара жоспарланған. Қатысушылар GovTech,
4.0 Индустрия, ESG және Smart City секілді өнеркәсіп пен инновация саласындағы
цифрлық трансформация мәселесін талқылады. Форумда 200 спикер аталған салаларда
пікір бөліседі. Олардың қатарында халықаралық сарапшылар, IT саласында жаңалық
ашып, кәсібін дөңгелетіп жүрген жандар. Олар экономика мен инновацияда жаңа
технологияларды қолданудағы өз тәжірибелерімен бөліседі. 3 күнге созылатын
шараға 30 мың адам қонақ болып келеді деп күтілуде.
Ерсұлтан
Ерманов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігінің департамент басшысы:
Форум алаңында дәстүрлі түрде Еуразиялық Экономикалық
Одақ елдері премьер-министрлерінің отырысы өтеді. Одан бөлек, ШЫҰ елдерінің
цифрлық форумы да болады. Онда министрлер цифрлық күн тәртібін талқылайды.
Сонымен қатар 4.0 Индустриясы бойынша стартап-жобалардың батлын да жоспарлап
отырмыз. Сондай-ақ стартаптар көрмесі мен өзге де шаралар жоспарланған. Бұл
алаң бизнес өкілдері үшін де, мемлекеттік орган өкілдері үшін де өте пайдалы
болады. Әркім өздері үшін қызықты жоба таба алады. Бір-бірімен таныса отыра ортақ
мәмілеге келсе, тіпті, жақсы.
Айта кетсек, Digital Almaty жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген
сарапшылар мен мамандардың басын қосады. 2023 жылы шараға 150 астам спикер
қатысқан. Ол кезде цифрлық майнинг, криптобиржа, кибер-қауіпсіздік, білім беру
мен инновация тақырыптары қозғалған.