Қазақстанда еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілуі мүмкін. Бұл тек микро және шағын бизнеске қатысты болады. Осы жайында мәжіліс қабырғасында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Салық кодексіне енгізілетін жаңа түзетулерді таныстыру барысында мәлім етті. Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде қордан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер жүргізіледі. Оларды бір төлемге біріктіру ұсынылды. Министр бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарының енгізілуін және әлеуметтік төлемдер мөлшерінің өсуін ескеретін болады деп атап өтті
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
– Заң жобасы Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес және Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді. Төлемді арнаулы салық режимдеріндегі микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді. Осылайша, бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді.
Депуттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, бірыңғай мөлшерлеме келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі және ол 21,5 процентті құрайды. Ал 2027 жылға қарай ол 26 проценттен астам болады.