Қазақстан-Германия экономикалық ынтымақтастығына арналған бизнес форумда 200 миллион доллардан астам соманың 11 келісіміне қол қойылды. Тараптар денсаулық сақтау, көлік-логистика, машина жасау, мұнай химиясы, инновация және өнеркәсіпті автоматтандыру салаларындағы серіктестік туралы уағдаластықтарға қол жеткізді. Осылайша, жақын уақытта елімізде қазақстан-германиялық он жоба жүзеге асырыла бастайды. Олардың арасында цифрлық өкілеттіктер зертханаларын құру, гипс тасын өңдеу зауытының құрылысы, интермодальды терминал және гемодиализ клиникаларын іске қосу жоспарланған. Елордадағы шараға 70-тен аса неміс компаниясы қатысты.
Алмас Айдаров, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:
– Бүгінгі күні Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 620 компания жұмыс істеп, салық төлеп отыр. Ең бастысы, неміс инвестицияларының 90 проценті экономиканың шикізат емес секторына бағытталған. Былтыр екі елдің тауар айналымы 2,2 миллиард долларды құрады. Алайда бұл көрсеткішті еселеп арттыру қажет, өйткені тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік бар. Өткен жылы инвестиция көлемі 350-360 млн доллар болса, биыл 400 миллион долларға жеткізу жоспары бар.