Қазақстанда 2022 жылы доллар бағамы айтарлықтай қымбаттайды. Бұл туралы экономистер мен қаржыгерлердің болжамын жария еткен «Курсив» басылымы хабарлады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сауалнама нәтижелеріне сай, келесі жылы доллар бағасы 445 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Қауымдастық келесі сауалнамада ұлттық валюта бағамын қайта қарайтынын айтты. «Оған ковидтің жаңа штамының таралуы бәсеңдеп, Ресейге қарсы санкциялық тәуекелдердің төмендеуі әсер етеді», – дейді мамандар. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы, экономист Вячеслав Додонов: «Америкалық валюта 455-470 теңгеге дейін көтеріледі», – дейді.
Ал Еуразиялық даму банкінің сарапшылары доллар бағамы 434 теңге төңірегінде болады деп болжап отыр. Валюта нарығына болжам келесі жылғы мұнай бағасының төмендеуі туралы сараптамаға негізделген.
Айта кетейік, әлемдік нарықта «қара алтын» құны әзірден-ақ құлдырауда. Бұған омикрон штамының кесірінен кей елдерде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы әсер еткен. Салдарынан Brent маркалы мұнай бағасы 4% арзандап, 69 долларға дейін түсті. Сондай-ақ АҚШ-тың мұнай өндірісін шамадан тыс асырып жіберуі де нарықты құлдыратты. Сондықтан Блумберг сарапшылары алдағы аптада да мұнай бағасы көтеріле қоймайды деген пікірде.