Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы артты

2021 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдері арасындағы тауар айналымы 14 млрд доллардан асты. ҚР Премьер-Министрі сайтында жарияланған мәліметтерге сай былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 11% құрайды. Ол кезде екіжақты сауда 13 млрд долларға жуықтаған.

Ақпарат көзінің дерегінше, халықаралық ұйымға мүше елдеріне отандық тауарларды жеткізу көлемі жыл сайын артып келеді. Бүгінде химия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау және экономиканың басқа да өңдеу салалары бойынша әлеует шамамен 2 млрд долларды құрайды. Бұған аталмыш сайтта көрсетілген статистикалық мәліметтер дәлел.

2021 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстаннан Өзбекстанға экспорт 54% өсіп, 899,2 млн долларды құрады. Жалпы 2020 жылы Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 4,6 млрд долларды құрады. Тәжікстан елімен де тауар айналымы айтарлықтай өскен. Тараптар саудасы 17,2% артып, 335,9 млн долларды құрады. Жалпы 2020 жылы Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 4,6 млрд долларды құрады. 

Қазақстан жақында ұйымға қатысушы елдерге өз тарапынан бірқатар жаңа бастамалар ұсынған болатын. Ол жеткізілетін тауарлар мен қызметтер аясын кеңейту, іскер топтар арасында тікелей байланыстар орнату, трансшекаралық сандық инфрақұрылымды дамыту,  электрондық сауда, қаржыландыру және ақпарат алмасу бағыттарын жетілдіруге қатысты болды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов