Қазақстандық бал Еуропалық одаққа экспортталатын болады. Еліміз ресми түрде кәрі құрлық нарығына бұл өнім түрін жеткізуге рұқсат алды. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің көп жылдық жұмысының нәтижесі екенін айта кету керек. Бұл ретте Еуроодақ талаптарына сәйкес балдағы қалдық заттар мониторингінің ұлттық жоспары әзірленіп, бекітілді. Сонымен қатар, отандық омарташылардың ісі еуропалық стандарттарға жауап беруіне қатысты кәсіби кеңестер мен тексерістер жүргізілді.
Қызғалдақ Жұбатқанова, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті басқармасының басшысы:
- Сонымен қатар, жалпы осы жариялау бойынша Еуропалық Комиссия қаулысының 2-бабына сәйкес, бұл шешім Еуропалық Одақтың Ресми журналында 21 күннен кейін жарияланады. Сол себептен, аумақтық инспекцияда орналасқан Ветеринариялық комитеттің испекциялары осы қызығұшылық танытқан кәсіпкерлердің тізімін жинақтап, сол әрбір кәсіпкердің Еуропалық одақтың талаптарына сәйкес тексеру жүргізіліп, барлықтарының тізімін комитетке жолдайды. Біз өз тарапымыздан барлық тізімдерді Еуропалық одақтың жүйесіне еңгізіп, кәсіпкерлерді сол базаға енгіземіз.
Марғұлан Баймұхан, Қазақстанның Белгиядағы елшісі:
- Әрине, Еуропалық Одақ әлемдегі
ең ірі бал өндірушілердің бірі. Олар Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Жылына
шамамен 280 мың тонна бал өндіріп, жаһандық нарықтың 14% қамтамасыз етеді.
Алайда, осы өндіріс көлеміне қарамастан, кәрі құрлық өз сұранысының тек 63%
ғана өтей алады. Демек, бұл Қазақстандық өнімдер үшін айтарлықтай кең
мүмкіндіктер ұсынатын үлкен нарық. Менің ойымша, қазақстандық балдың сапасы осы
нарықтан өз орнын табуға қауқарлы.
Айта кетейік, Қазақстан Сауд Арабиясы, Канада, Германия,
АҚШ, Қытай, Өзбекстан, Ресей елдеріне бал экспортын жолға қойған. Бұл ретте отандық
тіл үйірер өнім өндірісі көлемінің жартысына жуығы Шығыс Қазақстан облысына
тиесілі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

