Қазақстанда Мемлекеттік кірістер комитетінің
Деректерді өңдеу орталығы құрылады. Ол елдегі фискалдық бақылау саласындағы
ақпаратты талдап, әкімшілендірудің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Осының
арқасында салық органы цифрландырудың көшбасшысына айналмақ. Жалпы, үкімет
экономикаға AI-технологияларды ендіру ісіне қарқын қоса түсті. Мәселен жасанды
интеллект құралдарын пайдаланатын Smart Data Finance жүйесі салықтық заңбұзушылықтарды
анықтауға және салық төлеушілердің сандық профилін қалыптастыруға септеседі.
Платформаға 70-тен астам деректер көзі қосылған, жыл соңына дейін олардың саны
жүзден асады. Жаңа шешімдердің қатарында Ұлттық банкпен бірлесіп іске
асырылатын «Цифрлық қосылған құн салығы» және «Цифрлық жібек жолы» жобалары да
бар. Соңғысы нақты уақыт режимінде жүк қозғалысын бақылауға, жолдар мен өткізу бекеттерінің
жүктемесін анықтауға мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Экономика және салық тұрақтылығы, цифрландыру, сондай-ақ бизнес жүргізуді
оңайлату ісінде сапалы әрі кешенді шешімдер қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан
халқына Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын
енгізу арқылы экономиканың барлық саласын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Бұл –
стратегиялық міндет. Барлық мүдделі министрліктер өз саласында жаппай
цифрландыруды қамтамасыз етуі қажет. Экономиканы цифрлық жаңғырту шеңберінде
Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік органдар арасында көш бастауға тиіс.

