Astana Finance Days 2024: Қазақстанның инвестициялық әлеуеті

Әлемнің 70 елінен келген қаржы секторының 3 мың өкілі елордада «Astana Finance Days» Еуразиялық өңірдің ірі салалық конференциясында бас қосты. Білікті сарапшылар Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында осы бағыттағы заманауи нарықтың өзекті мәселелерін талқылап, пікір алмасуда. Мамандар FinTech озық үлгідегі технологиялар бойынша тәжірибе бөлісіп, инвестициялық мүмкіндіктерді кәдеге жарату жағына басымдық беруде. Бұл ретте Қазақстанның әлеуеті зор дейді, халықаралық деңгейдегі қаржыгерлер.     Мәселен тек Еуропалық қайта құру және даму банкі ынтымақтастық аясында Қазақстан экономикасына 10 млрд еуродан астам қаржы құйған. Нәтижесінде ел аумағында 300 астам ауқымды жоба жүзеге асты.   

Хусейн Озхан, Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің директоры:

– Қазақстанның BBB (триплБи) минус рейтингі бар. Яғни,бұл инвестициялық әлеуеті жоғары ел дегеннің белгісі. Қазіргі таңда көптеген кіші сектордың инфрақұрылымдық жобаларына инвестициялар қажет. Осыған қатысты арнайы бағдарлама іске асып жатыр. Оның аясында инфрақұрылымдық жобаларға 80 млрд доллар инвестиция бағытталмақ. Оларды коммерцияландырып, қаржыландыруға сондай-ақ жүзеге асыру барысына жеке капитал тартуды жолға қою үшін тиімді әрі ұйымдасқан тәсілдер қажет.      

Қазір инвесторлардың назары жасыл қаржыландыруға ауып отыр. Қазақстан тұрақты көміртекті бейтараптыққа көшу үшін инновациялық тәсілдерді қажет етеді. Сарапшылар тиімді шешімдердің бірі ретінде елде жасыл сертификаттар жүйесін енгізуді ұсынып отыр. 

Ренат Бектұров, АХҚО басқарушысы:

– Бұл баламалы қуат көздерін өндіретін ұйымдар үшін қажет. Яғни, елдегі гидроэлектр станциялар, жел және күн энергиясы қосымша капитал тарта алады. Осы арқылы жасыл энергетикаға инвестиция құюға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Ол үшін оларға өз сертификаттарын саудаға шығаратын ұйымдасқан нарық керек. Ол кімге қажет? Ол ауаға зиянды заттарды бөлетін болат құю зауыттары сынды аса ірі индустриялық компанияларға қажет. Сәйкесінше, осы сертификаттың бағасын қалыптастыру үшін нарық құру қажет. Мұндай жобаны біздің биржада іске қосамыз.