Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорты 90% артты. Бұл 2015 жылдан бергі өсім. Былтырдың қорытындысы бойынша оның көлемі ақшалай мәнде шамамен 10 млрд долларды құрады. Ал 7 жыл бұрын дәл осы көрсеткіш екі есе аз болды, яғни 5 млрд долардан сәл асып жығылған. Жалпы, соңғы жылдары Қазақстанның серіктес елдермен алыс берісі қарқынды түрде кеңейіп келеді. Бүгінде өзара тауар айналымы 74% ұлғайып, 28 млрд долларға жетті. Бейінді ведомство басшысы Арман Шаққалиев сауда саясатын дамыту мәселесіне тоқталды. Министрдің айтуынша, біздің ел бірыңғай экономикалық кеңістіктің логистикалық хабы және Еуразиялық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығына айналуға дайын. Осы мақсатта бірқатар қазақстандық бастамалар қолға алынған. Сала басшысы қауымдастыққа қатысушы елдер 450 тауар түрі бойынша өнеркәсіптік өңдеудің жалпы өлшемдерін әзірлегенін атап өтті. Бұл ретте СТ-1 сәйкестік сертификатымен расталған өнімдердің тізімі кеңейтілді. Сауда министрлігінің басшысы сайып келгенде бұның бәрі серіктес елдер нарығына жалпы құны 100 млрд доллардың отандық өнімдер жеткізілімдерін ұлғайтуға мүмкіндік беретіні атап өтті. Сонымен қатар біз үшін үшінші елдермен еркін сауда аймағы туралы әлеуетті келісімдер жасасудың көкжиегі кеңейіп келеді.
Арман Шaққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Еркін сауда режимінде Сербиямен, Вьетнаммен өзара іс-қимыл жасаймыз. Иранмен қысқартылған форматта. Нәтижесінде, Вьетнаммен тауарайналым 7 жыл ішінде 2,5 есеге, Иранмен 3 жыл ішінде 38% өсті. Бүгін - 25 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында Мемлекет басшылары Иранмен еркін сауда туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Осыған ұқсас Келісімге Сингапурмен қол қойылды, ол мемлекетішілік рәсімдерден өтеді. Египетпен, Индонезиямен және Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздер жүргізілуде.