Шикізаттық емес секторды және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдау, елдің инвестициялық ахуалын жақсарту және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру. Қазақстан Даму банкінің басты міндеттері – осы. Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілсе, Ұлттық қаржы институты үшін де биыл – мерейтой жылы. Құрылғанына 20 жыл толып отырған банк осы уақыт ішінде ел экономикасын стратегиялық бағыттарын қолдап келеді. Қаржыландырған жобалар мен инвестициялық бағдарламалардың жалпы көлемі 3,7 трлн теңгеден асты. Бұл – шамамен 149 инвестициялық жоба және 107 экспорттық операция. Сонымен қатар банктің қолдауымен 122 кәсіпорын жаңадан іске қосылып, жаңғыртудан өтті.
Жанат Аңсағанова, Қазақстан Даму банкінің кредиттік талдау және мәмілелерді құрылымдау департаментінің директоры:
- Қазақстан Даму банкінің қатысуымен қаржыландырылған кәсіпорындар 3,3 трлн теңгенің өнімін шығарды. Бұл сандардың не білдіретінін түсіну үшін оларды ЖІӨ-мен салыстыруға болады және ол – Қазақстан ЖІӨ-нің шамамен 5%. Біз экспорттық операцияларды қаржыландырудың арқасында осы жылдар ішінде 2 трлн теңгеге өнім экспортын ынталандырдық, бұл Қазақстанның ЖІӨ-нің шамамен 3% құрайды. Бүгінде Қаржы институты қаржыландырылған кәсіпорындарда 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Даму банкі өңдеу өндірістері мен инфрақұрылымын құру стратегиясын ұстануға ниетті. Бұл бағыттарға 2023 жылға қарай 4,4 трлн теңгеге дейін инвестиция құю жоспарлануда. Бұдан басқа, Қазақстанның Даму банкі жеке бизнеспен өзара іс-қимылды нығайтып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын белсенді қолдауды жоспарлап отыр.
Авторы: Ақзер Сегізбай