Инвестициялық ағынның дені Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция мен Ұлыбритания елдерінің үлесінде. Жалпы жыл соңына дейін ел экономикасына сырттан құйылатын қаржы көлемін тағы еселей түсу межеленген. Елдің бүгінгі инвестициялық ахуалы және әлеуетімен Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров арнайы баспасөз маслихаты барысында бөлісті. Оның дерегінше, алдағы 7 жылда кемінде 150 млрд доллар көлемінде шетел капиталын тарту мақсаты тұр. Әлеуетті инвесторларды табу үшін елімізде кешенді шаралар қолға алынған. Тек осы жылдың қорытындысы бойынша ғана 3 мыңнан астам жаңа шетелдік компания зерделеніп, түрлі деңгейде келіссөздер жүргізілуде.
Алмас Айдаров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Осының нәтижесінде орталық деңгейде 2700-ге тарта көзбе-көз жүздесу өткізілді. Яғни, еліміздің бар салалық министірліктері өздеріне қатысты жобалар бойынша кездесулер ұйымдастырды. Кейін Қазақстан аумағында кәсібін дөңгелетуге мүделік танытып қызығушылық білдірген инвесторлармен кездесулер болды. Онда инвесторлармен сөзден нақты іске көшу бойынша нақты келісімдер жасалып, жергілікті билік өкілдерімен тиісті жобаны жүзеге асыру барысын талқыланады. Оның қорытындысы бойынша жыл соңына дейнін кемінде 40 жоба іске асырылады. Қазіргі таңда 36 бастама іске қосылды.