Қазақстанда 20-шы желтоқсанға дейін денсаулық
сақтау және энергетика салаларына жасанды интеллект ендіріледі. Елдің Премьер-министрі
Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру бойынша цифрлық штаб отырысында
осындай тапсырма берді. Осылайша, 15-ші қарашаға дейін денсаулық сақтау
жүйесіне отандық стартаптар енгізілуі тиіс. Мәселен, дәрігерлерге арналған жасанды интеллект көмекшісі, онкологиялық ауруларды ерте
анықтайтын заманауи қызметтер іске қосылмақ. Ал 20-шы желтоқсанға дейін жеті
түрлі ақпараттық жүйе Qaztech-тің 2 платформасына біріктіріледі. Бұл дәрігерлер
жұмысын жеделдетіп, жүктемесін азайтады. Аталған мерзімде энергетикалық жүйеде ақпараттық
қауіпсіздіктің салалық орталығын құру көзделіп отыр. Бұдан басқа, қысқа дейін электр
және жылу желілерін диагностикалауға арналған AI-шешімдер енгізіледі. Бұл
тұрақты қуат көзімен қамтамасыз етіп, жылыту маусымынан ойдағыдай шығуға ықпал
етеді дейді, мамандар.
Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық
даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
- Бүгінгі таңда, дрондардың көмегімен ұшып, жылдам суретке түсіруге, қажет болған жағдайда төменгі және жоғарғы бөліктерінің бейне түсірілімін жасауға мүмкіндік беретін шешімдер бар. Әрбір бағананың геолокациясы жасалады. Яғни, дрондар адамның көмегінсіз жасанды интеллект негізінде құрылған автоматты жүйе арқылы өздігінен ұшып фотосуреттер жасайды. Осылайша, энергетика министрлігі болашақта апатты жерлерді анықтап, қауіпті аймақтардағы ақауды жылдам орнына келтіріп отырады. Бұл жылыту маусымының қауіпсіз өтуіне өз септігін тигізеді.

