Биыл Қазақстанда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қорытындыланады. Ауқымды жобаның аясында елді-мекендерде 655 медициналық және фельдшерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бой түземек. Былтыр 100-ге тарта алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны тапсырылды. Өзгелерін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, 32 орталық аудандық аурухананы жаңғырту көзделуде. Бүгінде барлық құрылыс нысанының жобалық-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптама жасалды. Мердігерлер анықталып, қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр дейді сала министрі. Сондай-ақ, тың жоба маман тапшылығын шешуге септеспек. Кадр қажеттілігі өткен жылы жартылай жабылса, қалған орындар биылдан қалмай толтырылмақ.
Жалпы, Ұлттық жобаны жүзеге асыруға 60 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Біз биыл бітірген мамандардың ішінен ауылдық жерге орналасатын мамандардың тізімін анықтадық. Осыған байланысты өңірлер жас мамандардың жетуіне мониторинг жүргізу және оларды бекіту, сондай-ақ, ауылда кадрларды ұстап қалу мақсатында жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік қолдау шараларын қабылдау жөніндегі жұмысты күшейтуді сұраймыз. Ұлттық жобаны іске асыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр және министрліктің ерекше бақылауында.