Қазақстанда алдағы 5 жыл ішінде 8 жаңа көмір электр станциясы
салынып, қолданыстағы 11 станса жаңғыртылады. Нәтижесінде 8 ГВт қосымша энергия
қуатын алу көзделіп отыр. Тиісінше көмір өндірісі артып келеді. Бұл
шикізат елдің жалпы өндірістік көлемін арттырумен қатар, цифрлық платформалар
үшін де маңызды қуат көздерінің бірі. Осылайша, Биыл республикада 129 млн
тоннаға жуық көмір өндіру жоспарланып отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 116 млн
тоннаны құраған еді. Жалпы Қазақстанның көмір қоры 33,6 млрд тоннаны
құрайды. Үкімет отырысында көмір энергетикасын дамыту және көмір генерациясы
жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Көмір қоры бойынша біз әлемдегі жетекші 10 елдің
қатарына кіреміз. Бұл – біздің елеулі бәсекелік артықшылығымыз, оны тиімді
пайдалануға тиіспіз. Сонымен қатар, кейінгі уақытта қоршаған ортаға әсері
барынша аз «Таза көмір» технологиялары
белсенді дамып келеді. Атап айтқанда, Кейінгі жылдары көмірқышқыл газы мен
қоспаларды 90%-ға дейін ұстап қалып, зиянды қалдықтарды қауіпсіз сақтауға
мүмкіндік беретін жаңа технологиялар
қарқынды дамыды. Осы бағытта жұмысты жалғастыру керек.
Бүгінде еліміз көмірді терең өңдеуге басымдық беріліп
келеді. Мәселен көмір химиясы саласында 3 жоба іске асырылуда. Біріншісі -
Қарағанды облысында құны 132 млрд доллар болатын, қуаты 1 млн тонна
металлургиялық кокс өндіруге қауқарлы зауыт салу. Сондай-ақ, аталған өңір мен Павлодар
облысында құны 63 млн және 65 млн доллар болатын 2 жоба іске асырылады. Олардың
әрқайсысы көмірден 100 мың тоннаға дейін дизель отынын өндіруге мүмкіндік
береді. Мұнан бөлек тағы 3 ірі жоба пысықталып жатыр. Сонымен қатар көмірден
жылына 2 млрд текше метр газ өндіретін жоба бар. Осылайша, салаға инвестиция
ағыны да артып келеді.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- 2025 жылы келісімшарттардың жұмыс бағдарламасына сәйкес көмір өнеркәсібіне инвестициялар көлемі 305 млрд теңгені құрады. Ал 2026 дылы салаға инвестиция тарту 553,5 млрд теңге болады деп күтілуде. министрлік көмір саласындағы геологиялық барлауды дамытуға айрықша назар аударады. Жыл соңына дейін 10-ға жуық жер қойнау учаскесін көмір кен орындарына жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша аукцион өткізу жоспарлануда.
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде көмір электр
станцияларында ластаушы заттар шығарындылары 34 процентке қысқарады деп
күтілуде. Салалық министрліктер бір ай
ішінде қолданыстағы энергия көздеріне талдау жүргізіп, әрбір станция бойынша
«таза көмір» технологияларын енгізудің жол картасын әзірлеп бекітеді.

