«Орталық Азиядағы Сингапур». Қазақстанда осындай атаумен жаңа халықаралық хаб құрылады. Келешегі зор жоба – интеграцияланған мегаполис салу бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур–Қазақстан бизнес форумында таныстырып, іскерлік топтарды атсалысуға шақырды.
Бүгінде Қазақстан Сингапур стиліндегі экономикалық реформалар жүргізетін және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел. Сондай-ақ шетелдік инвесторлар кеңесін құрып, сырттан қаржы құюшыларға қолайлы жағдай жасап отырған бірден бір мемлекет. Мемлекет басшысы ынтымақтастыққа серпін беретін салаларды нақтылап берді.
Мәселен, Қазақстан Сингапурға аса маңызды шикізат пен табиғи ресурстарды жеткізуге дайын. Сондай-ақ жаңартылатын энергия, көлік-логистика салаларында серіктестік орнату және бірлескен агроинновациялық орталықтар құру туралы ұсыныстар жасалды. Президент биотехнология және медицина салаларында ықпалдастық жасау үшін мол мүмкіндік бар деп санайды. Қазірдің өзінде тараптар биопрепараттар өндірісін қаржыландыру бойынша инвестициялық қор құру туралы уағдаласты.