Қазақстанның транзиттік әлеуетін үдете түсуге бағытталған тағы бір жоба
жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Абай өңірінде стратегиялық маңызы бар теміржол
желісінің құрылысы қарқын алды. «Бақты–Аягөз» бағыты Қазақстан мен Қытай
арасындағы жүк тасымалын жеңілдетіп, оның өткізу қабілетін бірнеше есе
арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы шойынжолдың ұзындығы 300 шақырымға жуық. Жаңа
бағыт бойында 12 станция салынады. Жоба 2027-ші жылы толық аяқталып,
пайдалануға берілмек. Бүгінде темір жол төселетін таулы аймақтарда негізгі
дайындық кезеңі жүріп жатыр.
Қайрат Ақпаров, Мердігер ұйым өкілі:
- Күн қатты суытқан кезде жұмыстарды Бақты бағытына қарай ауыстырамыз.
Өйткені, Маканшы–Бақты учаскесі
климаттық жағдайына байланысты қыс мезгілінде де жұмыс істеуге қолайлы аймақ.
Сондықтан жұмыстарды жыл бойы, мүмкіндік болған жағдайда, тоқтатпай жүргіземіз.
Ал көктемде жер жібіп, топырақ толық дайын болған соң, теміржолдың шпалды торын
төсеу жұмыстарына кірісеміз.

