Қазақстанда Азия саудасы мен мәдениетін дамыту қауымдастығы құрылды

Қазақстанда Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы құрылды. Жаңа бірлестік еліміздің құрлық мемлекеттерімен экономикалық және рухани байланысын бекемдей түсу қамында жұмыс істейді. Отандық өнімді сыртқа таныту үшін түрлі шаралар ұйымдастыру, ірі инвесторлар тарту – жаңа бірлестік алдына қойған міндеттер санатында. 

Ұлттық құндылықтар мен төл өнерімізді өзгелерге насихаттайтын танымдық бағдарламалар құру мәселесі де қауымдастықтың басым бағыты болмақ. Бұған қоса креативті индустрияны дамытуға, Азия елдерінде мәдени орталықтар ашуға ерекше мән беріледі дейді құрылтайшылар. Аталған жұмыстарды үйлестіруге Қауымдастық ұйтқы болады. Ол үшін арнайы стратегиялық тұжырымдама қабылданды. Халықаралық сипатқа ие жобаларды жүзеге асыруда ақылды жүйелердің мүмкіндіктері кәдеге жаратылмақ.     

Қанат Бейсек, «Қазақстан-Азия Сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығының» басқарма төрағасы:

– Бұл – жаңа технологияларды Қазақстан мен Азия арасындағы бизнес пен мәдениеттің игілігіне пайдалану деген сөз. Бұл ретте жасанды интеллект «GPT-4 Chat» арқылы бизнес қауымдастығына көрсетілетін қызметтер, Азия бизнесі мен инвесторларға Қазақстанның заңнамасына қатысты туындаған сауалдарға тиянақты жауап беретін бағдарламаны іске қосу. Қытай, жапон, кәріс, түрік, ағылшын тілдерінде және Азия халықтарының басқа да тілдерінде болады. 

Дүйсен Қасейінов, «Қазақстан-Азия Сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығының» төралқа төрағасы:

– Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту Қауымдастығы мақсат міндетін айқындаған ұйым. Үлкен жұмыстарды алға бағдарлаған екен. Стратегиялық тұжырымдамасының жоспарлары өте ауқымды. Ең бастысы тұжырымдамада барлық елдердің дамуы қамтылған. Қазақстанның халықаралық беделі үшін аса қажет.