Қазақстанда автожол саласының цифрлық трансформациясы жүріп жатыр

Қазақстанда автожол саласының цифрлық трансформациясы жүріп жатыр

Қазақстанда 2026 жылы «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы енгізіледі. Бұл жөнінде Үкімет отырысында көлік министрі мәлімдеді. Марат Қарабаев жаңа тұғырнама автожол саласында қолданыстағы цифрлық жүйелер негізінде құрылып, біріктірілетінін жеткізді. Ол жолдар бойынша ақпаратты жинау мен есепке алу жүйесін қамтиды. Сондай-ақ, бұл бағытты дамыту үрдістерінің ашықтығын, жол активтерін сенімді түрде бақылау мен тиімді басқаруды қамтамасыз етпек. Яғни, жолдарды пайдаланушылар мен жауапты мамандар арасында қарым қатынас автоматтандырылады. Министр жалпы отандық жол саласында цифрлық технологиялар кезең-кезеңмен енгізіліп жатқанын айтты.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Барлық ақылы жол учаскелерінде «KazToll» жол жүру ақысын төлеу жүйесі сәтті жұмыс істеп тұр. 2024-ші жылы Бас прокуратураның ЕРАП жүйесімен интеграциялау аяқталып, «Орташа жылдамдық» жобасы іске қосылды. Сондай-ақ, биыл автоматтандырылған өлшеу станциялары жүйесінің ЕРАП-пен интеграциясы аяқталады. Бұл ауыр салмақты көліктерге қатысты әкімшілік өндірісті оңтайландыруға жағдай жасайды.

Қазақстанның көлік саласын жетілдіру үшін заманауи отандық әзірлемелерге басымдық берілуде. Мәселен бүгінгі таңда Astana Hub-қа осы бағытта жұмыс істейтін 24 инновациялық жоба тіркелген. Олардың жалпы кірісі 15 млрд теңге шамасында, ал 1 млрд теңгесі экспорттың үлесіне тиесілі. Мәселен олардың бірі жасанды интеллект арқылы жол жағдайын бағалау мерзімін 4 күннен 4 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, нейрондық желілер негізінде көлік логистикасын оңтайландыратын жергілікті бастама елімізбен қатар ТМД аумағында сәтті ендірілуде. Қазақстандағы 200 және әлем бойынша 500 тарта ақылды тұрақ та отандық жобаның арқасында іске асқан.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, оның ішінде көлік-логистика саласына баса мән беру қажеттігін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер бар, бірақ қарқынды арттыра түсу қажет. Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды дайындауға кірісу керек. Бұл ретте, қаржыландыру және жер телімдерімен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу қажет болады.

Жалпы биылғы жылдың соңына дейін республикалық жолдардың 94, жергілікті жолдардың 91% нормативтік жағдайға жеткізілмек. Ал 2027 жылы жолдардың 100% мобильді интернетпен қамтылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?