Қазақстан Президенті Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Ұйымды реформалауға шақырды. Ол бұны қазіргідей құбылмалы заманға бейімделу қамындағы стратегиялық қажеттілік екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды жаңғырту Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуға тиіс деп санайды. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Сонымен қатар, Ұйым құрылымында державалардың үні барынша анық естілуі қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Жарғысының ескірген ережелерін қайта қарауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді.
Сондай-ақ, Қазақстан ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастау қажеттігін алға тартып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі жаңа диалогқа дайын. Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартты күшейтіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың орындалуына түрткі болу үшін бейресми пікір алмасуларға мән бере аламыз. Сонымен қатар, біз бұған дейін айтқан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынымымызды жүзеге асыруға шақырамыз.
Дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінген, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізген жөн. Қазақстан Президенті осы қағидатқа сүйеніп Украина, Газа және Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде сөз қозғады. Бұл ретте бейбіт азаматтарды қорғау, гуманитарлық қолдау, сондай-ақ БҰҰ-ның орталық рөлі жағдайында екі мемлекеттің қатар өмір сүруі негізінде шешім қабылдау да маңызды. Бұған АҚШ Президентінің делдалдығы арқылы Әзірбайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынастардың қалыпына келуі дәлел. Күш тұрақтылық, ынтымақтастық және дамумен өлшенеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде Орталық Азияның бірлігі мен өзара сенімі жаңаша сипат алып, өңір халықаралық бейбітшілік пен прогрестің белсенді қатысушысына айналды. «Орталық Азия бестігі» ынтымақтастығын нығайтуда. Сол арқылы тату көршілік дамуға да, қауіпсіздікті күшейтуге де оң септігін тигізетінін дәлелдеп отыр. Соның арқасында біздің өңір әлемдегі негізгі серіктестерімен «Орталық Азия плюс» форматында диалог жүргізе бастады.
Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі мәселесін де көтерді. Осы орайда Бас Ассамблеяға 22-ші сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің саясат, экономика, энергетика және цифрландырудағы негізгі бастамаларына да тоқталды. Президент Қазақстандағы саяси жүйенің ашықтық, заң үстемдігі және азаматтардың құқықтарын қорғау негізінде жетілдірілуі инвестициялар мен халықаралық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті.

