Қазақстанның электрондық үкімет жүйесінен жасанды интеллект негізіндегі
мемлекеттік басқару моделіне көшуін Astana Open Dialogue сараптамалық платформасының
III отырысына қатысушылар талқылады. Диалог алаңы Қазақстан мен шет елдердің
сарапшыларын, халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдерін біріктірді. Қатысушылар
мемлекеттік секторды сандық жүйеге келтіру, елімізде цифрлық экономика
инфрақұрылымын қалыптастыру және AІ-шешімдердің еңбек нарығына әсері сынды өзекті
мәселелерді ортаға салды. Бүгінде Astana Hub арқылы мыңнан астам IT-компанияға
қолдау көрсетіледі. Оның алаңында 700 астам стартап тіркелген. Ал
резиденттердің жобаларына тартылған инвестициялар көлемі 250 млрд теңгеден асып
жығылады. Бұған қоса, Techorda бағдарламасы жұмыс істейді. Ол экспорттық
IT-шешімдерді дамытуға және салаға білікті мамандарды даярлауға тың серпін беріп
келеді. Сонымен қатар елордада Alem.Ai халықаралық жасанды интеллект орталығы
ашылмақ. Цифрлық кодекс әзірленуде. Бұл ретте сарапшылардың ұсыныстары барынша
ескерілетін болады.
Айбек Күмісбеков, Astana Open Dialogue тең құрылтайшысы:
- Біздің сарапшыларымыз жиын қорытындысы бойынша үлкен талдамалық ұсыныстар
әзірлейтін болады. Оған біздің сарапшылар мен шақырылған қонақтардың өзекті
деген мәселелер мен басты бағыттар бойынша талқылауларда айтқан тың ойлары мен
шешім жолдарына қатысты ұсыныстары жиналады. Бұның бәрі ескерілетініне
сенімдіміз.

