Астанада тарихи комикстің алғашқы шығарылымы таныстырылды

Астанада тарихи комикстің алғашқы шығарылымы таныстырылды

Астанада Бозоқ қалашығы жайында алғашқы тарихи комикс таныстырылды. «Әлихан мен Әйгерімнің саяхаты» атты кітап кішкентай оқырмандарға жол тартты. Бұл Археология институты мен «Бозоқ» музей-қорығы ғалымдарының бірлескен жобасы. Балалар басылымының жарыққа шығуына педагогтар да атсалысқан. Авторлар ұстаздардың кеңесі тарихи деректерді өскелең ұрпақтың санасына дұрыс жеткізу үшін үлкен көмек болғанын алға тартады. Кітаптың негізгі сюжеттік идеясы ортағасырлық Бозоқ қалашығының археологиялық қазбаларының мәліметтеріне негізделген. Комикс мәтіні қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылды. Алғашқы нұсқасы әзірге 100 данамен шығарылды. Қазіргі таңда мамандар комикстердің келесі серияларын жасауға кірісті.

Сәуле Бурбаева, «Бозоқ» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:

- Мәдени саясаттың 2023-2029 жылдарға арнайы бекітілген тұжырымдамаға сәйкес ұлттық сипаты бар тарихи комикстерге назар аударылды. Сондықтан біз көне «Бозоқ» қалашығы туралы бірнеше сериядан тұратын тарихи комикстер жасауға шешім қабылдадық. Осы мақсатта біз жұмыс тобына археолог ғалымдарды алдық. Бұл идеяны өзім ұсындым. Оны жеткізуде ұстаздық көзқарас қажет болды.

Бақыт Хасенова - Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:


- Күрделі ғылыми мақалалар жазатын зерттеушілер болсақта комикс құрастыру оңайға соқпады. Біздің бәріміздің де балаларымыз бар. Сондықтан олардың ой-өрістеріне сай етіп, бала тілін табуға тырыстық. Тарихи деректерді түсінікті етіп жеңіл жеткізуге ден қойылды. Өскелең ұрпақ қызығушылық танытатынына үміттіміз. Бұдан әрі де көрнекті археологиялық нысандар туралы осы текті жобалар болады. Әйгерім мен Әлиханның саяхаттары әлі өз жалғасын табады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?