Алатау қаласына ерекше мәртебе беріледі. Парламенттің бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңы екінші оқылымда қабылданды. Енді құжатқа Президент қол қоюы тиіс. Бұл заң Қазақстандағы ең алғашқы смарт қаланың дербес статуспен дамуына мүмкіндік бермек. Яғни, ол арнайы ережелермен жұмыс істейтін ақылды аймаққа айналады. Мұнда бизнеске, инвесторларға қолайлы жағдай жасалады. Мәселен, кәсіп ашамын дегендерге бизнес-лицензия берілсе, инвесторлар салықтық жеңілдік алмақ. Ондағы кәсіпорындар қызметін тек Бас прокуратура ғана тексеруге құқылы. Alatau City-ге үлгі ретінде Сингапур алынған. Қала толық цифрлық жүйемен басқарылады, бюджеті ашық болады. Қалаға қатысты шешімдерді арнайы Кеңес қабылдап, басқаруы тікелей Премьер-министрге қарайды.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Цифрлық бастапқылық қағидатын жетідліру мақсатында депутаттардың түзетулерімен қала шаруашылығы салаларының, яғни абаттандырудың, инжинерлік, көліктік және тұрғын үй коммуналдық инфроқұрылымының, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жүйелерінің барлық деректері бірыңғай цифрлық платформада болады деп бекітілді.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген
Конституциялық заң Алатау қаласын дамытудың арнайы құқықтық негізін
қалыптастырып, елімізде бұрын қолданылмаған тәсілдерді қамтиды. Бұл бастама
қала алдында жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр. Әрине, олар Алатаудың дамуына, жаңа
деңгейге шығуына ықпал ететіндігі сөзсіз.

