Елімізде мемлекеттік
органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлығына AITU ұлттық
мессенджері енгізіледі. Жаңа жүйеге қызметкерлер 15-ші қыркүйекке дейін толық
көшуі керек. Бұл жөнінде Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен
цифрлық штаб отырысында белгілі болды. Жалпы, жаңа орган шешімдерді жедел қабылдауға
және мемлекеттік құрылымдар мен квазимемлекеттік сектор жұмысына озық үлгідегі
цифрлық технологияларды енгізуге жауапты болады. Мемлекеттік органдардың
ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары негізінде 224 ақпараттық
құрамдас алаң құрылады. Бүгінгі таңда «электрондық үкімет» архитектурасында 355
астам жүйе мен веб-ресурстар жұмыс істейді. Жасанды интеллект деректер
массивтерімен жұмыс істеу ережесі және оны жүзеге асыру жоспары бекітілді. Сондай-ақ,
салалық министрліктің мәліметінше, барлық мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен
квазимемлекеттік сектор ұйымдары енді деректерді Smart Data Ukimet
платформасына беруге міндетті.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық
даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бұл қадамдар мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, жаңа сервистердің
іске қосылуын жеделдетуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін көтеруге және
жасанды интеллектіні экономикаға енгізуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Цифрлық
штабтың негізгі міндеті жиі созылып кететін ведомствоаралық келісімдерді жеделдету,
цифрлық штабтың шешімдері барлық орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер,
квазимемлекеттік сектор ұйымдары үшін міндетті болып табылады.

