Қазақстан аэротакси қызметін енгізуге дайындалуда

Қазақстан аэротакси қызметін енгізуге дайындалуда

Қазақстанда алғаш рет аэротакси сынақтан өтті. Демонстрациялық ұшулар Alatau City қаласында ұйымдастырылды. Жоба қалалық әуе мобильділігін дамытудағы алғашқы қадам. Болашақ көлігінің ұшуы мен қонуы үшін арнайы жолақтар немесе үлкен алаңдар талап етілмейді. Тек шағын алаңдар қажет, оны ғимараттардың шатырына, бизнес-орталықтар мен ірі көлік тораптарының тұсына орналастыруға болады. Алатауда осындай алғашқы алаңның құрылысы басталды.

Электрлі ұшқышсыз ұшу аппараты 13 мотормен жабдықталған және төрт-бес жолаушыға есептелген. Оның жылдамдығы сағатына екі жүз шақырымға, ал ұшу биіктігі алты жүз метрге дейін жетеді. Әзірлеушілердің айтуынша, аэротакси қарапайым көліктен әлдеқайда тыныш, шу деңгейі 60 децибелге жуық. Мұндай көліктің басты қажеттілігі - қуатты зарядтау станциялары. Мамандар мұндай аппарат уақытты үнемдеп, жолды жеңілдетеді дейді.

Келлен Се, Аэротакси әзірлеу жөніндегі компанияның бірінші вице-президенті /Қытай/:

- Бір реткі толық қуатымен шамамен 250 шақырымға жете алады. Жолаушыларға арналған болашақ модельде суперзарядтау технологиясы қолданылады, оның көмегімен аппаратты 45-50 минут ішінде толық зарядтауға болады.

Сынақ үшін Alatau City кездейсоқ таңдалмаған. Болашақта әуе желісі осы қаланы, Алматымен және Алматы облысының туристік объектілерімен байланыстырады.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі

- Алатау қаласы осы технология енгізілген 11 орынның біріне айналды. Неге дәл Алатау қаласы? Өйткені бұл жердегі құқықтық режим жылдам қозғалуға мүмкіндік береді. Бұл Алатау қаласы жобасының тартымдылығын арттырады, қызығушылық артады. Және Мемлекет басшысы осы аумақты, Алатау қаласының аумағын – ел дамуының алдыңғы қатарлы озық аумағы деп белгіледі және  осындай жобалар арқылы қалаға салалық инженерлерді тартуға, қосымша инвесторларды жұмылдыруға мүмкіндік туындайды. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?