Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визерді қабылдады. Тараптар Қазақстанның Халықаралық дзюдо федерациясымен ұзақмерзімді ынтымақтастығының перспективасы жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, 2027 жылы елімізде өтетін дзюдодан Әлем чемпионатына дайындық мәселелерін пысықтады. Өз кезегінде Мариус Визер Қазақстанда дзюдоны дамытуға қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Айта кетейік, Астанада IJF академиясын ашу жоспарланып отыр. Бұл аймақтағы жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлайтын орталықтардың бірі болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Халықаралық дзюдо федерациясы арасындағы өзара ықпалдастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды деп санаймын. Бүгінде дзюдоның әлемдік спорт қоғамдастығында алатын орны зор. Дзюдо Қазақстанда да өте танымал спорт түрі. Елімізде көптеген секция мен жаттығу орталықтары жұмыс істейді. Онда 160 мыңнан аса адам, солардың ішінде балалар да жаттығады. Жақында өткен Париж Олимпиадасында Елдос Сметовтің жеңімпаз атанғанын мақтан тұтамыз. Сондықтан біз Халықаралық дзюдо федерациясымен қарым-қатынасты өркендетіп, ынтымақтастықты жандандыруға ниеттіміз.
Мариус Визер, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті:
– Қазақстанға келу – мен үшін үлкен мәртебе. Сізге және еліңізге дзюдоға ғана емес, әлеуметтік интеграцияның және бейбітшіліктің бірден-бір тетігі саналатын спорттық қозғалысқа қолдау көрсеткеніңізге ризашылығымды білдіремін. Дзюдо қауымдастығының барлық мүшесі ортақ мақсатқа жұмылады. Бұл – қоғамда лайықты орны бар азамат тәрбиелеу.