Қазақстан Президентінің Әзербайжанға мемлекеттік сапарының екінші күні Физулиде жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қаланы дамытудың бас жоспарымен танысты. Мемлекет басшыларына Физули және оның төңірегіндегі аумақтарды қайта қалпына келтіру үшін қолға алынған шаралар туралы мәлімет берілді.
Сондай-ақ, шаһардың жаңа келбеті: келешек әкімшілік орталықтың, саябақтың және басқа да маңызды нысандардың эскиздері мен жобалары көрсетілді. Бұдан кейін қос тарап басшылары қазақтың дәулескер күйшісі Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жаңа білім беру орталығына қазақ композиторының есімі кездейсоқ беріліп отырған жоқ. Қазақ халқы күйшісінің бай мұрасы бүкіл түркі дүниесінің асыл қазынасына айналды. Заманауи инновациялық орталық Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақстандықтардың атынан бауырлас Әзербайжан халқына гуманитарлық тарту ретінде қысқа мерзім ішінде салынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл – Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін.
Өз кезегінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты. Екі ел басшылары Орталықты аралап көрді. Ғимаратта 600 баланың бірнеше ауысыммен мектептен тыс білім алуына барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда дәріс залы, шахмат, аспаз сыныптары, көркемөнер және мүсін студиясы, хореография және спорт залдары, сондай-ақ өзге де сыныптар бар. Орталықта IT-cтартаптарға және Әзербайжанның ұлттық мәдениетіне, соның ішінде кілем тоқу өнеріне айрықша мән берілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты.
Бұдан кейін Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Физули қаласындағы орталық аурухананың құрылыс алаңын аралап көрді. Келешекте бой көтеретін медициналық мекеме 180 төсек-орынға есептелген. Ғимараттың жалпы ауданы 34 мың шаршы метрден асады. Ауруханада стационарлық қызмет көрсететін кардиология, неврология, гемодиализ, терапия, хирургия, педиатрия және басқа да бөлімшелерді ашу жоспарланып отыр. Ал амбулаториялық режимде науқастарға кеңес беретін емхана бөлімі, балалар емханасы, функционалдық диагностика, гигиена және эпидемиология орталығы жұмыс істейді.