Қазақстанда жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық мамандарға арналған ипотекалық және жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасы кеңейтілмек. Премьер-министр қолжетімді баспана мәселесі бойынша кеңесте бұндай қажеттілік жөнінде атап өтті. Олжас Бектенов бұл ретте «бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысын күшейтуді тапсырды. Жиында «Отбасы банкін» даму институтына айналдыру және саланы одан әрі дамыту үшін жеке қаражатты тарту жөніндегі жұмысты жандандыру тәсілдері қаралды. Сонымен қатар, жеңілдікті бағдарламаларды қаржыландыру, оның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерін қолдау және жаңа өнімдерді шығару бойынша ұсыныстар талқыланды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша, былтыр елде рекордтық 19 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 6,5%-ке артық. Ал 2029 жылға қарай көрсеткішті 111 млн шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

