Қазақстанның шөлді аймақтарында аң-құстар, тіпті «Қызыл кітапқа» енген Келес кесірткесі көбейіп келеді. Отандық мамандар бұл тың үрдісті жануарлар сая табатын сексеуіл алқаптарының кеңеюімен байланыстырады. Құрғақ әрі ыстық өлкеге тек осы ағаш түрі жерсінетіні белгілі.
2-3 метр тереңдікте тамыр жаятын сексеуіл құм көшкінін басумен қатар, топырақты эрозияға ұшыраудан сақтайды. Яғни, шөлді жерлерде оның көшеттерін жаппай егіп, көгалдандыру бірқатар экологиялық мәселенің түйінін тарқатады дейді мамандар. Осының қамында елімізде бұл игі шаруа кешенді түрде қолға алынған.
Мәселен тек Түркістан өңірінде келесі жылы 10 мың га жуық алқапқа 12 млн астам сексеуіл отырғызу көзделген.
Айдынбек Махашов облыстық табиғи ресурустар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- 21-22-23 жылдары үш жылдың көлемінде қазіргі таңда 51 500 га жерге 78 млн ағаш отырғызылды. Бұл ағаштардың басым бөлігі - сексеуіл. Жалпы Түркістан облысының орман отырғызу жұмыстарының өнімділігі орта есеппен 60-65% құрайды.