Қазақстан Еуропаға «жасыл» энергия экспорттайды

Қазақстан Еуропаға «жасыл» энергия экспорттайды

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтады. Сенат осыған бағытталған келісімді ратификациялау туралы Заңды мақұлдады. Тиісті құжат үш елдің қуат жүйелерін біріктіруге, сондай-ақ «таза» энергияны Еуропаға және басқа өңірлерге транзиттеуді ұйымдастыруға негіз қалайды. Келісім сенімді әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін техникалық және коммерциялық шарттарды белгілейді. Сондай-ақ ол энергия тиімділігін арттыруға арналған жаңа технологияларды енгізуді қарастырады. Сенаторлар энергетикалық дәлізді іске қосу Каспий өңірі мен Орталық Азияның табиғи ресурстарын тиімді пайдалану үшін өңірлік серіктестермен күш біріктіруге мүмкіндік беретінін алға тартады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қаралған үшжақты келісім елдеріміз арасында жасыл энергетиканы дамыту жолындағы бірлескен жұмысты айқындайды. Оның тиімділігін арттыру үшін тараптар арнайы Басқарушы комитет пен Жұмыс топтарын құруды көздеп отыр. Жалпы, бұл заңды мақұлдау елімізде жаңартылатын энергия саласын дамытуға және осы бағытта өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға өз септігін тигізеді деп сенеміз.

Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Келісімді ратификациялау елімізге өңірлік энергетикалық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға және төмен көміртекті өнім экспорттау арқылы экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, келісім тек электр энергиясын жеткізумен шектелмейді, сонымен қатар «жасыл» сутегі мен аммиак салаларын дамытуға серпін береді. Қазақстанда 2040 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі жаңартылған тұжырымдама қабылданғанын ескерсек, бұл бағыттың маңызы арта түседі.

Осы орайда Қазақстан баламалы қуат көздерінің әлеуетін арттырып келетінін айта кету керек.  Бүгінде елімізде 164 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді. Олар күн, жел, су және биогаз электр станциялары. Былтыр олар 8 жарым млрд кВт/сағаттан астам қуат өндірген. Бұл елдегі жалпы өндіріс көлемінің 7% тең. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?