Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына ең озық технологиялар пайдаланылуы тиіс. Бұл жобаны жүзеге асыру консорциумына ары кеткенде 5 ел кіруі мүмкін. Үкіметте өткен брифинг барысында ел Премьер-министрінің бірінші орынбасары осындай болжаммен бөлісті. Роман Склярдың айтуынша, АЭС бірнеше нысанның жиынтығынан құрылады. Сондықтан әр ғимараттың сапалы әрі қауіпсіз болғаны маңызды. Мәселен әлемдік тәжірибеде бұндай жобалау құжаттамасын әзірлеу үшін бір жарым жылға дейін уақыт кететінін айтты.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
– Бұл стансаның құрылысы бойынша әртүрлі компаниялар – қатысуы мүмкін. Әлемде бұндай тәжірибелер тиімді іске асқан мысалдар бар. Яғни, ядролық аралды бір ел, турбинаны өзгесі салуы ықтимал. Ал таратушы немесе бұған қажетті құрылғылардың құрылысына мүлдем басқа мемлекеттің мамандары тартылуы мүмкін. Бұндай кешенді жұмыс жақсы нәтиже береді. Әр істің өз маманы бар. Сондықтан қандай да бір өнім жеткізуші, немесе мердігерге басымдық берілмейді. Ол үшін тиімді жұмыс істейтін консорциум құруымыз керек. Бұл заман талабы.