Қазақстан Президенті Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы алаңында еуропалық көшбасшылармен бірқатар екіжақты келіссөз жүргізді. Оларда сауда-экономикалық, инвестициялық, гуманитарлық ынтымақтастық, цифрландыру, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер қаралды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембург Премьер-министрі Люк Фриденмен кездесті. Келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастық аясы талқыланды. Тараптар цифрландыру мен қаржы технологиялары салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және екі елдің бизнес қауымдастығы арасындағы байланыстарды жандандыруға уағдаласты.
Мемлекет басшысы Монако Князімен кездесуде өзара сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің мол әлеуеті бар екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Князь ІІ Альберді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Қазақстан Президенті Эмманюэль Макронмен кездесуде қазақ-француз ынтымақтастығын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Франция еліміздің Еуропа Одағындағы басты серіктесі екенін атап өтті. Тараптар энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау бағыттарындағы бірлескен жобалар табысты іске асырылып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, өзекті геосаяси мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Финляндия Президенті Александр Стуббпен әңгімелесу барысында жоғары деңгейдегі саяси диалогтың маңызына тоқталды. Сондай-ақ Финляндия басшысының Қазақстанға жасайтын алдағы сапары қос елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық әлеуетін танытуға ықпал ететініне сенімді екенін айтты. Кездесуде әлемдегі қазіргі геосаяси ахуалға баса мән берілді.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Брюсель еліміздің ең ірі он инвесторының қатарына кіретініне назар аударды. Былтыр өзара тауар айналымы жарты млрд долларға жуықтады. Бельгия Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктестерінің бірі. Тараптар аса маңызды минералдарды игеру, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, жасанды интеллект және білім беру салаларындағы серіктестік әлеуетін талқылады.

