Елордада дрон-футболдан Astana FIDА Drone Soccer Championship 2026
халықаралық турнирі өтті. Сайысқа республиканың түкпір-түкпірінен келген
жиырмадан астам команда қатысты. Жеңімпаздар Оңтүстік Кореяда өтетін әлем чемпионатына жолдама
алады. Дрон-футбол дәл осы елде 2017 жылы бастау алып,
әлемнің 30-дан астам мемлекетіне таралған. Бұл спорт жас буынды ғылым мен
инженерияға ынталандыруды көздейді. Қазақстандық оқушылар әлемдік дрондар
додасындағы үздіктер қатарында. Мамандардың айтуынша,
бұл бағыт алдағы уақытта еліміздің білім беру жүйесіне белсенді кіріктірілмек.
Әлихан Рыспай, Kazakhstan Drone Soccer Association
директоры:
- Біз қазіргі әлем чемпиондарымыз. Жақында АҚШ-та өткен
сайыста біз бірінші, екінші, үшінші жүлделі орындарды иелендік. Қуаты еселенген
40-шы санаттағы анағұрлым озық дрондар сайысында да әлемнің 17 елінің ішінде
екінші орынға ие болдық. Дрон-футбол мектеп оқушылары үшін осы саладағы ұшқыш
пен инженер құзіретін игеру жолында аса қолжетімді бағыт, оңай игеру мүмкіндігі
болып табылады. Бұл аса қажетті сала, себебі қазіргі уақытта дрондар біздің
өміріміздің барлық салаларына еніп жатыр.

