Қазақстанда аэрохабтар мен шағын авиация салалары дамиды. Біреуі еліміздегі курорттық орталықтарға қатынас түрін ыңғайлы етуге арналса, екіншісі – алдағы 4 жылда әуе жүктерін тасымалдау көлемін екі есе арттыруға бағытталмақ. Бүгінде жыл сайынғы көрсеткіш 150 мың тонна көлемінде. Отандық әуе айлақтарының мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы жайлы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында ерекше атап өтті. Көлік министрлігінде бұл бағыттағы жұмыстың басталып кеткендігін жеткізді. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру үшін атқару қажет шаралар тізбегі де дайындалды. Ол – барлық процесстерді цифрландыру, кеден режимін жеңілдету, әуежайларда еркін экономикалық аймақтар құру, сонымен қатар, әуе отынын өндіру қарқынын арттыру және жүк тасымалдайтын рейстерге қолжетімді ету.
Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:
– Осы кешенді шаралардың барлығын қажетті межелерге жету үшін атқаруымыз қажет. Біз ол бағытта жұмысты бастап кеттік. Сондай-ақ, ішкі әуе рейстері санын арттыру бойынша да нақты тапсырмалар берілді. Бүгінде бұл рейстер санының артып келе жатқанын көріп отырмыз. Жыл сайын бізде ішкі тасымалдау көлемі 20% артып отыр. Әсіресе, туристік аймақтарға рейстер санын арттыруды көздеп отырмыз. Олар: Алакөл, Балқаш, Щучинск-Бурабай аймағы және Каспий теңізінің жағалауы. Ол үшін субсидияланатын рейстердің қатарын арттырмақпыз. Бүгінде олардың саны 19.