Келер жылдан мемлекеттік қызметке қабылдау конкурстары тек онлайн өтеді. Биыл автоматтандырылған «eQyzmet» іріктеу жүйесіне мемлекеттік органдар толық енгізіледі. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы мәлімдеді. Дархан Жазықбай аталған жүйеге цифрлық рейтинг модулі іске қосылатынын айтты. Ол электрондық жеке істердің деректері негізінде саяси және «А» корпусы лауазымдарына жоғары біліктілігі мен тәжірибесі бар әлеуетті үміткерлердің тізбесін жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жүйемен біріктірілетін «QazTech» тұғырнамасы арқылы Бірыңғай кадр қызметінің жаңа архитектурасын құру жоспарлануда. Бұған қоса қашықтан іріктеу кезеңдеріне отандық KazLLM базасында жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдалану көзделген. Жалпы сандық жүйе тиімділігін дәлелдеді. Ол іске қосылғалы бір бос орынға үміткерлер дәстүрлі іріктеумен салыстырғанда бір жарым есеге артқан.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
төрағасы:
- Мемлекеттік қызметті әрі қарай дамыту бойынша 2029-шы жылға дейінгі Мемлекет басшысының жарлығымен
тұжырымдама бекітілген болатын. Осыған байланысты біз агенттік қазіргі таңда
жаңа заңды дайындадық. Бұнда сервистік аппаратты қалыптастыру және алдағы
уақытта мемлекеттік қызметтің гибридтік моделін жетілдіру және цифрландыру. Мақсатымыз
мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету және осы кәсіби білікті мамандарды
қоғам тарапынан және жеке сектордан көбірек тарту.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

