Биыл 3 млн астам қазақстандық оқушыны жазғы демалыспен қамту көзделген. Балалардың демалысын тиімді әрі қызықты өткізу үшін еліміз бойынша түрлі сауықтыру орындары дайындалды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазір 11 мыңнан астам лагерь кішкентай қонақтарын қабылдауға әзір.
Алтай Рахимберлин, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы:
- Балалар мен олардың ата-аналары үшін қолжетімді сауықтыру бағдарламалары, орналасу шарттары мен қауіпсіздік ережелері туралы пайдалы ақпарат қамтылған «Балаларға базарлық» және «Қауіпсіз жаз» ақпараттық пакеті дайындалды. Сонымен қатар өңірлерде жаңадан 5 сауықтыру орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 2026 жылға дейін 50 жаңа орталық пайдалануға беріледі.
Уәкілетті мемлекеттік органдармен балаларды сауықтыру орталықтарының тізімі бекітілді. Биыл алғаш рет лагерьлердің барлық түрлеріне бірыңғай талаптар әзірленді. Оларды қабылдайтын арнайы республикалық мониторинг құрылды. Қосымша білім беру волонтерлері мен педагогтері тартылды.