Түркістан
облысында әлемнің 37 кереметінің біріне баланған тербелмелі қос мұнара болғаны
анықталды. Ғажайып нысанның 6 қатар іргетасы бүгінге дейін бүлінбей сақталыпты.
Тарихшылар оның 16 ғасырда Сауран қаласындағы медресенің кіре берісінде бой
көтергенін айтып отыр. Кейін уақыт өте келе бұзылған. Оны жергілікті ұсталар
күйген кірпіштен салған деген дерек бар. Ерекшелігі сол, жел тұрып, боран соқса
14 метрлік қос мұнара тербеле кетеді екен. Бұл туралы ортағасырлық ғалымдар да
жарыса жазған. Кезінде тәжік
жазушысы Зайнидин Васифи оны қарсы жақта тұрған адамға енді-енді құлайтындай
көрінеді деп сипаттаған. Осы күнге дейін кірпіштен
өрілген қос мұнараның құлап кетпей тербелуі көпшіліке құпия болып келген.
Марат
Тұяқбаев,
тарих ғылымдарының кандидаты, археолог :
Екі
мұнараның арасына да бөрене бекіткен дейді, 4,80 см. Соның ішіне шынжыр
тартқан. Ауыр бөрене ағашын іліп қойған. Ұзындығы төрт метр, диаметрі 50-60 см.
Бөренені қозғалтып жіберсең, біраздан кейін тербеліс мұнараға өтеді. Сүйтіп
мұнара жайлап қимылдай бастайды. Мына шынжырмен тартып қойған, екіншісі де қимылдайды. Маятник
сияқты қимылдап тұратын болған.