Қ. Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты

Қ. Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналым 2020 жылдан бері 5 есе артты. Көрсеткіш АҚШ валютасында 109 млн-нан 529 млн-ға дейін ұлғайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өткен Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысында Әзербайжанмен арадағы сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Елдеріміз айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Біз бұдан да зор жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Шын мәнінде, ынтымақтастықтың ауқымы өте кең. Біз бүгін мұнай мен газдан бөлек, көлік пен логистикадан бастап, цифрландыруға дейінгі мәселелердің бәрін қарастырдық. Халықаралық аренада табысты жұмыс істеп жатқанымызға көңілім толады. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы делегацияларымыз өзара жемісті қарым-қатынас жасап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады деп ойлаймын 

Сондай-ақ инвестициялық, мұнай-газ, көлік-логистика салаларындағы, сонымен бірге жаңартылатын энергия көздері, цифрлық коммуникациялар және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл бағытындағы ықпалдастықты дамыту мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы Астана мен Баку ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетіп, бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын дамытып отырғанын ерекше атап өтті. Ал Жоғары мемлекетаралық кеңестің қызметі екі ел серіктестігіне тың серпін беріп, Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Жаңа ғана біз сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа, халықаралық аренадағы өзара ықпалдастыққа қатысты барлық мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және ортақ ұйғарымға келдік. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның, шын мәнінде, стратегиялық серіктес, одақтас мемлекеттер екенін көрсетеді. Осы орайда екі ел үкіметтері бүгін қол қойылған құжаттар, келісімдер түріндегі уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысатынын ескерсек, ынтымақтастығымыздың перспективасы өте зор.   

Сонымен қатар мемлекет басшылары  қос тараптың  өзара іс-қимылын нығайтуға мәдениет саласындағы уағдаластықтарды іске асыру ықпал етеді, деп атап өтті. 

Мәселен, қасиетті Түркістан мен Шуша шаһарлары, сондай-ақ Орал мен Мингечевир, Шымкент пен Гянджа қалаларының арасында бауырластық қатынас орнады. Сондай-ақ,  халықтарымызды жақындастыру мақсатында Сумгаит қаласындағы көшеге Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілсе, Астанадағы көшелердің бірі Гейдар Әлиевтің есімімен аталды.  Былтыр Әзербайжанда Қазақстан мәдениетінің күндері табысты өтті.  

Айта кетейік, ертең екі ел көшбасшылары Физули қаласында Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығын ашады.