Қазақстанда 2030 жылға қарай өндіріс көлемі екі есе артады

Қазақстанда сирек металдар саласындағы инвестициялар көлемі 40% артады. Осы межеге қол жеткізу үшін елімізде 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі мәлімдеді. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бұл бағытта бірқатар шетелдік инвестормен тиісті келісімдер жасалған. Бұл ретте литий сынды  сирек металдардың кен орындарын бірлесіп игеру және қайта өңдеуге ағылшын, неміс және америкалық компаниялар мүдделі. Сала басшысының сөзінше жалпы ел өндірістік бағыттағы инвестициялық жобаларға басымдық береді. Тек биылдың өзінде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 180 жобаның тізбесі құрылды. Кейінгі  екі жылда 4,8 трлн теңгеге бағаланған 621 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

-Біздің министрлік бойынша тізімге 6,7 трлн теңгеге 9 жоба енгізілді. Жалпы, металлургия  5 жоба, 2 жоба автомобиль өнеркәсібінде және химия өнеркәсібінде 2 жоба бар. Жобалар ірі шетелдік инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылады. Өңдеу өнеркәсібінің басым бағыттарында жоғары қайта өңдеу класстерлері құрылатын болады.

Бұл ретте айта кетерлік жайт, Қазақстаннның өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өзектендірілген тұжырымдамасы қабылданды. Нәтижесінде, өндіріс көлемі екі есе, өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны үш есеге жуық өседі деп күтілуде.