Мәжіліс жылу энергетикасы туралы заң жобасын қарады

Мәжіліс жылу энергетикасы туралы заң жобасын қарады

Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тиімділігін арттыру және салаға жаңартылатын қуат көздерін ендіруді ынталандыру. Мәжіліс осы және өзге де нормалар көзделген жылу энергетикасы туралы заң  мен ілеспе құжат жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты төменгі палата өкілдеріне таныстырған Энергетика министрі қазір арнайы салалық заңның жоғын тілге тиек етті. Оның айтуынша жаңа заң жобасы халықаралық сарапшылардың техникалық қолдауымен әзірленген. Енді оның аясында салаға мониторинг жүргізу ескерілген. Осы құралды енгізу сектордың қазіргі жағдайын ескеріп, оның дамуын сапалы болжауға мүмкіндік бермек. Құжат тарифтік әдіснаманы  жетілдіріп, қызмет құнын реттеу қағидаттарын және өлшемшартты белгілейді. Ең бастысы бұл саланы мемлекеттік қадағалау мен бақылау күшейтіледі. Осы ретте құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлу көзделіп отыр.

 

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика Министрі:

-Атап айтқанда, қазіргі уақытта жылу энергиясын тасымалдау функциясын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жүзеге асырады. Енді бұл функция Энергетика министрлігіне бекітілетін болады.  Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылумен жабдықтау жүйелеріне жауапты болады. Жылу бөлігіндегі бақылау функцияларын қайта қарау. Атап айтсақ,  жылу желілеріндегі бақылау функциялары енді жергілікті атқарушы органдардан  Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ауысатын болады.