«Астана» халықаралық қаржы орталығында азаматтық және коммерциялық дауларға қатысатын төрешілердің 75%-ы – әйелдер. Бұл көрсеткіш көптеген елдерге қарағанда екі есе жоғары. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы халықаралық сот алаңындағы заманауи үрдістер шетелдік инвесторлардың сот төрелігіне сенімін ұялатады дейді сала мамандары. Бұл ең алдымен Астана халықаралық қаржы орталығының Соты мен Халықаралық Төрелік орталығындағы істердің заң үстемдігінің жоғары талаптарына сай шешілетінін куәландырады. Жалпы Қазақстан сот және арбитражды даулардың барлық қатысушылары үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Елордада «Astana Finance Days» аясында арнайы жиынға қатысушылардың пікірі осыған саяды. Төреліктегі әралуандылық пен инклюзивтіліктің маңызы жөнінде пікірталасқа АҚШ, Қытай, Еуропа және Азия елдерінің жетекші сарапшылары, төрешілері мен медиаторлары қатысты.
Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО МЕН ХТО сотының тіркеушісі және аппарат басшысы:
– Астана халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық Төрелік орталығы осымен 6 жарым жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Осы аралықта 3300 астам іс аяқталып, толығымен орындалды. Бұл шын мәнінде әлемдік рекорд. Бізден басқа бір де бір халықаралық қаржы орталығы мұндай көлемде іс қараған жоқ. Даулы соманың шешімі бойынша да көш бастап келеміз. Біздегі 10 судьяның үшеуі әйел. Бұл халықаралық құқықтану саласында үлкен жетістік деп бағаланады.